Алматы қаласы Білім басқармасының
«№93 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 274 14 39
Есепші бөлімі:
+7(727) 274 14 39
Нашар көрушілер
нұсқасы
07
ақпан
2020

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ҚОРҒАНЫ – ЖАС САРБАЗДАР

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ҚОРҒАНЫ – ЖАС САРБАЗДАР

Жаңа буын жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, елге, жерге деген құрмет сезімін тәрбиелеу – аға буынның, ұстаздардың міндеті мен парызы. Себебі еліміздің болашағы, келешегіміздің кепілі – ел игілігі үшін ерінбей еңбек ететін саналы жастар. Жастарымыздың азаматтық ұстанымдарымының дұрыс қалыптасып, дамуы мектеп қабырғасында жүргенде басталады. Сондықтан балалардың әскери-патриоттық, рухани, мәдени өсіп-жетілуіне баса назар аударған жөн. Әрі білім және тәрбие саласында негізгі мәнге «Мәңгілік Ел құндылықтары» тұжырымдамасында да аталған мәселер өзекті саналады.  Ел егемендігін баянды етіп, зайырлы қоғам мен руханиятты тең ұстайтын, қоғамдағы бірлік пен татулықты ту ететін оқушыларды тәрбиелеу – ұстаздар қауымының мақсаты. Бүгінде бұл бағыттағы іс-шаралар республика көлемінде белсенді түрде ұйымдастырылып, өткізілуде. Мұндай игілікті істен біздің мектебіміз де шет қалмады. 
Ақпан айының 6-жұлдызында Бостандық ауданы білім бөліміне қарасты №93 жалпы білім беретін мектепте әскери-патриоттық іс-шара өтті. Іс-шара ұлтымыздың ұлы перзенті, ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мен Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл, Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың әскери дайындығын қалыптастыру, шыңдау, патриоттық тәрбиені жүзеге асырып, шығармашылықтарын ұштау болатын. 
Іс-шараға мектебіміздің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық ұйымының мүшелері белсене атсалысты. Сыныптар арасында өзара сайыс түрінде ұйымдастырылғандықтан, іс-шараға әділқазы мүшелері ретінде соғыс ардагерлері мен арнайы қонақтар шақырылды. Атап айтар болсақ: ҚРҚК ардагері, әуе қорғанысы күштерінің генерал-майоры Н.К.Баймышев, ҚРҚК ардагері, әуе қорғанысы күштерінің генерал-майоры В.И.Малей, Ауған соғысы ардагерлерінің Бостандық ауданы бойынша «Абырой» бірлестігінің төрағасы А.Н.Давильбеков, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Е.Ф.Ким, Ауған соғысының ардагері Б.Дүйсенбаев, В.К.Печенюк, Б.Ө.Жайлау, А.Н.Сыздықов. Отан үшін от кешкен батыр ағалар қазылық ете отырып, өздерінің өмір тәжірибелерімен бөлісті, ақыл-кеңесін айта отырды. 
Іс-шараға физика пәні мұғалімі Д.Ш.Қалназардың жетекшілігімен 5 «А» сынып оқушылары, химия пәні мұғалімі Ш.Ж.Сайлаудың жетекшілігімен 5 «Ә» сынып оқушылары, ағылшын тілі пәні мұғалімі Ж.Б.Абайканованың жетекшілігімен 6 «Ә» сынып оқушылары, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ғ.Мэлсұлының жетекшілігімен 7 «А» сынып оқушылары, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Г.Баубектің жетекшілігімен 7 «Ә» сынып оқушылары белсенді қатысып, бақ сынасты. Әр сынып оқушылары саптық дайындық, патриоттық ән айту, эмблема қорғау, өзіндік өнер көрсету талаптары бойынша сынға түсті. Сәйкесінше әділқазы алқасы оқушылардың әскери дайындықтары мен шығармашылық шеберліктеріне бағалау жүргізіп отырды. Сайыс қорытындысы бойынша 6 «Ә» сынып оқушылары жеңімпаз деп танылып, арнайы кубокқа ие болды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылған дарынды, өнерлі оқушыларға арнайы мақтау қағаздары табысталып, сый-сыяпат жасалды. Іс-шарада мектебіміздің 10-сынып оқушылары Қалмұрат Ақбота, Бейсен Айдана, Серікқызы Алуа, Назарбаев Азамат, Әбілхан Нұрәбіл автоматты шашып-жинау бойынша өз өнерлерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналды. Сонымен қатар бірнеше жоғары сынып оқушыларына ҚР Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлігі табыс етілді. Іс-шараның елді елең еткізер жаңалығы – жиынға Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылынан құсбегі Жандос Сұлтанғазы мырзаның келуі болды. Жиынға арнайы ат басын бұрған ол өзінің Семсер атты бүркітін алып келіп, жиынның сән-салтанатын келтірді. Қыран, бүркіт – қазақ халқы үшін қашаннан тектіліктің, өрлік пен кеңдіктің, жеңіс пен жасампаздықтың символы. Жиналған қауым бүркіттің өнерін тамашалап, өз таңғалыстары мен таңданыстарын жасыра алмады. 
Іс-шара соңында сөз алған мектеп директоры Тұрмахан Рита Тәжімқызы мектебіміздің жас өрендеріне, арнайы алтын уақытын бөліп, қазылық еткен қонақтарға, әкімшілік құрамға, ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан мұғалімдер мен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың курсанттарына (Б.Несіпбаев, А.Оңалбай, Е.Қасымалды, Э.Мамырхан, А.Жарқынқызы) өз алғысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді. Оқушылардың келешек өмірлеріне сәттілік тілеп, тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриот азаматтары болуға шақырды.  
Ел егемендігі – асыл қазынамыз. Оны қорғау, көздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа сәтті табыстау – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті парызы. Бүгінгі таңда осы құндылықтарды оқушыларымыздың санасына сіңіру өте өзекті, маңызды мәселе. Мектебімізде ұйымдастырылған сайысты бұл бағыттағы берері мол, тәрбиелік мәні мен рухани тағылымы ұштасқан іс-шара болды деп бағамдауға болады.